ҚР СІМ басшысы: БРИКС-ке мүше мемлекеттермен тауар айналымы $70 миллиард асты

Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен БРИКС-тің дамушы елдерімен Диалогының Министрлік сессиясына қатысты, Phoenix 24 ақпарат агенттігінің хабарлауынша.

Отырысқа БРИКС мүше елдері – Ресей, Бразилия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы мен Эфиопия сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен орынбасарлары, сондай-ақ шақырылған елдер ретінде – Бангладеш, Бахрейн, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Индонезия, Куба, Лаос, Мавритания, Таиланд, Түркия және Шри-Ланканың өкілдері қатысты.

Форум «Әділетті жаһандық даму мен қауіпсіздік үшін көпжақтықты нығайту» тақырыбына арналды.

Өз сөзінде ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы құрлықаралық және өңіраралық тиімді ынтымақтастықтың мысалы болған БРИКС алаңының ерекшелігін атап өтті. Қазақстан бұл бірлестікті жаһандық экономикалық өсу мен тұрақты дамудың күшті драйвері ретінде қарастырады. Бүгінгі таңда Астананың БРИКС-тің барлық елдерінде дипломатиялық қатысуы бар.

«Өткен жылы БРИКС мүшелерімен біздің тауар айналымымыз екі есеге өсіп, 70 млрд АҚШ долларынан асты. Біз цифрлық технологиялар, маңызды пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, инвестициялық жобалар және басқа да салалардағы байланыстарды одан әрі кеңейтуге сенімдіміз», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

ҚР СІМ басшысы қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешу мақсатында ұжымдық күш-жігердің маңыздылығына тоқталды. Осы ретте ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын және Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құрудың, сондай-ақ «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік» туралы бастамаларының өзектілігін атап көрсетті.

Министр ағымдағы жылы Қазақстанның бірқатар өңірлік ұйымдардағы (ШЫҰ, АӨІСШК, ХАҚҚ, ТМҰ, ҰҚШҰ, АТҚИҰ және т.б.) төрағалығы шеңберінде басымдықтары туралы хабарлады. Бұл тұрғыда іс-шараға қатысушылар еліміздің халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша көзқарасы мен ұстанымдары жақын таныстырылды.

Бұдан бөлек, министрлік кездесу алаңында ҚР СІМ басшысы Ресей, Түркия, Беларусь, Иран және Шри-Ланка Сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесулер өткізді. Олардың барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасылды.

БРИКС (BRICS – Brazil, Russia, India, China, South Africa) – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африканың саяси-экономикалық альянсы. 2006 жылы маусымда Санкт-Петербург экономикалық форумы аясында құрылған. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мысыр, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясы және Эфиопия бірлестіктің жаңа мүшелері болды.

Бірлестіктің әр мүшесі бір жыл бойы төраға қызметін атқарады. Биылғы жылы БРИКС төрағалығы Ресей Федерациясына өтті. 16-шы Саммит 2024 жылғы қазан айында Қазан қаласында өтуі жоспарланған.

Қазақстан Республикасы БРИКС+ форматындағы саммиттердің тұрақты қатысушысы. Осылайша, еліміз 2015, 2022 және 2023 жылдары өткен Саммиттерге қатысты.

By admin